Конференцбайланыс форматында Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі 11-ші отырысы өтті

АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде аймақтармен конференцбайланыс форматында «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі 11-ші отырысы өтті,
None
None

деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Отырысқа ҚР Парламенті Сенатының депутаты, аталмыш кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, республикалық қоғамдық кеңес мүшелері, ІІД бастықтары, аймақтық филиалдар төрағалары мен партия филиалдары жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағалары қатысты.

 «Мемлекет басшысы өз қатарымыздағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен халықтың полицияға сенімін арттыруды біздің негізгі бағытымыздың бірі ретінде белгіледі. Біз алдымызға қойылған міндеттің маңыздылығын жақсы түсінеміз. Өз қатарымыздағы кездейсоқ адамдардан тазалау міндеті де айқын. Бүгінде біз бұл жұмысты ашық, әрі жариялы түрде жүргізіп отырмыз. Елбасы сыбайлас жемқорлықты науқандық іске айналдыруға болмайтынын ерекше атап көрсетті. Осыны басшылыққа ала отырып, біз сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жүйелі алдын алу жұмысын жүргізудеміз»,  деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов.

 Ішкі істер органдарында өткізілген іс-шараларға қарамастан жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылық деңгейі әлі де болса жоғары қалпында қалуда. Мәселен, 2009 жылдың 9 айы ішінде полицейлерге қатысты 150 қылмыстық іс қозғалған, басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда бұл жоғары көрсеткіштердің бірі.

 Сондай-ақ отырыс барысында партияның Жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының журналистері Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске келіп түскен азаматтар өтініштері бойынша жүргізген бірқатар журналистік тексерулердің нәтижесін ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар