Контрафактілі өнімдер сатқаны үшін айыппұл мөлшері өсетін болады - Ә. Исекешев

АСТАНА. 7 наурыз. ҚазАқпарат -  Қазақстанда контрафактілі өнімдер сатқаны үшін айыппұл мөлшері өсетін болады.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне  техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, заң жобасымен негізінен қазақстандық заңнаманы халықаралық шарттарға сәйкестендіру, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілерді төмендете отырып, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау шаралары көзделеді.

«Қазақстан жұртшылығын қауіпсіз өнімдермен қамтамасыз ету бойынша бірқатар кешенді шаралар көзделеді. Бұл ретте әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, осы бағытта салынатын айыппұл мөлшері арта түседі. Әрине, бүгінгі күні айыппұл мөлшері белгіленгенімен, оның мөлшері Ресей мен Беларусьқа қарағанда төмен. Сондықтан да, контрафактілі өнімдердің Қазақстан нарығына енуіне жол бермеу мақсатында біз айыппұл мөлшерін арттыратын боламыз», - деді министр. Оның айтуынша, бұндай өзгерістер заң жобасы арқылы кодекске енгізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар