Корей елінің жұлдыздарын тамашалауға келген фанаттар Астананың ең үлкен концерттік залына сыймай қалды

Сыйымдылығы жағынан Астанадағы ең үлкен концерттік зал корей елінің жұлдыздарын тамашалауға келген фанаттарға тарлық етті. 3 жарым мың жайлы орындыққа жайғасқан көрермендермен бірге тағы жүздеген адам бір сағаттан асқан концертті соңына дейін екі аяқтарынан тік тұрып тамашалаудан тайынбады. Концертке кіре алмай қалған тағы осыншама адам іштегілерге қызғаныш сезімімен Орталық концерттік залдың кіреберіс есіктерінің аузында шара аяқталғанша тұрды. Тайсалмаған жанкүйерлер күзет қызметімен тіпті жаға жыртысуға дейін барды.
Концертті құттықтау сөздерімен Корей Республикасының Мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Мо Чоль Мин мен Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев ашты. Олардан кейін сахна төріне әртүрлі би композицияларымен «Чонгдонг» дәстүрлі корей театрының әртістері шықты.
Көп ұзамай көрермендер кештің басты қонақтарының бірі, «Ханзада Жумонг» телехикаясының басты рөлін сомдаған Сон Иль Гукпен жүздесті. Ол қазақстандықтар оны осыншама ыстық қабылдайтынын күтпегенін және оған қатты таң қалғанын айтты. Сондай-ақ әртіс бұдан былай Қазақстан мен Корей мәдениеттерінің дамуына өз үлесін қосатынын жеткізді. Айта кетейік, Сон Иль Гук 4 мамыр күні кешқұрым, Астанаға ұшып келген бетте өз жанкүйерлеріне қолтаңбасын таратқан болатын. Ол кезде де Корей мәдениет орталығында ине шаншар жер болмаған-ды. «Ханзада Жумонгтың» қолтаңбасын ең бірінші болып қалың жұрттың алдына суырылып шыққан ақжаулықты әжейіміз алды.
Одан кейін концертті «JQT» қыздар квартеті мен белгілі әнші Со Ёнг-ын жалғастырды.
Кеш соңында астаналықтар тағатсыздана тосқан тағы бір қонақтар - «Т-МАХ» жігіттер тобы шықты. Топ мүшесі Ким Джун «F4-тің абзал жігіттері» жастар сериалына түскен болатын, ал топтың өзі саундтректерді орындайды. Олар Астананың бас сахнасында бірнеше ән орындады.
Осылай, Қазақстандағы Корей жылы бастау алды. Айта кетейік, Қазақстандағы Корей жылының салтанатты ашылуы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан 7 мамыр күні көрсетіледі. Концертті сондай-ақ 14 мамырда Корейде 188 елге тарайтын - «Ариранг» және «Ариранг Ворлд» телеарналары көрсетеді.