Қорғаныс министрі Аягөз гарнизонында болып қайтты
Жиын барысында жедел және жауынгерлік әзірлікті жетілдірудің негізгі бағыттары зерделенді. Құрлық әскерлерінің басшы құрамы дене тәрбиесі әзірлігінен сынақ тапсырды, далалық жаттығуларды жүргізудің әдістемесін, жылжымалы басқару пунктін орналастыру тәртібі мен мниномет бөлімшелерінің жұмысын теория және тәжірибе жүзінде пысықтады.
«Майлино» оқу-жаттығу полигонында қорғаныс ведомствосының басшысы әрбір әскер тектерінің жұмысымен танысты. Мұнда далалық жаттығуға шыққан тыл, техникалық бөлімдер, артиллеристер, әуе шабуылынан қорғаныс, миномет бөлімдері атыс позицияларының жаттығуға жан-жақты әзірліктері байқалды. Жауынгерлік машиналар мен автотехника паркі де Қорғаныс министрінің назарынан тыс қалған жоқ.
- Жүргізіліп отырған әскери-техникалық саясат бойынша біз мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау үшін қару-жарақ пен әскери техниканың қажеттігін анықтауымыз қажет, - деді Қорғаныс министрі. - Әскерлерде және әскери құрылымдарда бұл саясатты жүргізудің тиімділігі мен оны әскери-өндірістік кешенмен қамтамасыз етілуі Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетінің артуына әсер етпек.
Құрлық әскерлерінің 2010-2011 қысқы оқу жылындағы қызметін қорытындылаған Әділбек Жақсыбеков бұл әскер түрінің Қарулы Күштердегі қару-жарақ пен техникалық жарақтандыру бойынша ең дамыған түрі екендігін атап өтті. Және биылғы жылы Қазақстан әскерінің дайындығы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына - сенімді жауынгерлік әзірлік, жоғары тәртіп және кәсібилік!» ұранымен өтіп жатқанын еске салды.
2011 жылғы жазғы оқу кезеңіне нақты тапсырмалар қойған ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Майкеев жиын барысында үздік көрінген әскер түрлері мен тектерінің қолбасшыларын, бөлім командирлерін грамоталармен марапаттады. Қорғаныс министрі жекелеген офицерлерге кезекті әскери атақтарын табыс етті.