Қоршаудағы Ленинградты азат еткенде - ақтөбелік ардагер Төлебай Князовтың естелігі

ҚТӨБЕ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - 90 жылдық белеске шыққалы отырған «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясының жаңа жобасы аясында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың тарихи 65 сәті» айдары ашылды. Бүгін осы айдармен фин, Ұлы Отан және жапон соғыстарына қатысушы ақтөбелік ардагер Төлебай Князовтың естелігін назарларыңызға ұсынамыз.
None
None

***

Бүгінде 92 жасқа келіп отырған Төлебай ақсақалдың өскелең ұрпаққа соғыс туралы айтары баршылық. Қарияның кеудесіндегі көптеген медальдар, оның ішінде екі Даңқ ордені, шайқастарда алған 7 жарақаты оның майдандағы ерліктерін паш етеді.

Төлебай атаның майдандағы өмірі 1939 жылы фин соғысынан басталады, онда ардагер атқыштар дивизиясының құрамында 3 ай шайқасқан. 6 айлық оқу курсынан өтіп, аға сержант шенін алған ол бөлім командирі болған. Енді үйіне оралар кезде Ұлы Отан соғысы басталған...

«Қай жерде шайқассақ та, бізді әрқашан алғы шепке лақтыратын, біз жаудың шебін бұзып, оларды әрі қарай тықсыратынбыз. Ұлы Отан соғысы мен үшін Мәскеу түбіндегі шайқастан басталды. Әлі есімде, 41-жылдың ақпан айында жау күштері Мәскеуден небәрі 20 шақырым жерде тұрды. Генерал Жуковтың қолбасшылығымен жүргізілген операциялардың нәтижесінде біз 15 күннің ішінде немістерді Калининге дейін тықсырдық. Кейін мен аяғымнан жараланып, госпитальге түстім», - деп еске алады ардагер.

Госпитальден кейін - қайта шайқас. Бұл жолы қоршаудағы Ленинградты азат етуге қатысты. Онда Төлебай ақсақалдың әскери бөлімі аштыққа, жоқшылыққа толы қоршауда 900 күн болды. Сол кездерді еске алған Төлебай ата былай дейді:

«Тамақ жоқ. 15 күнде бір рет бізге нан салынған қапшық лақтырады, оның өзіне біз өмірімізді бәйгеге тігіп қол жеткізетінбіз. Біз 5 шақырымдай жерден моторды сөндіретінбіз де, азық-түлікті керек жерімізге дейін сүйреп келетінбіз. Жолдың бергі шетіндегі окоптарда жатып, қол жетер жердегі нанды ала алмайтынбыз, қараңғыны күтетінбіз. Қараңғы түскен соң бір жауынгердің беліне арқан байлайтынбыз да, ол еңбектеп нанға кететін. Сарбаз нанға қолы жеткен кезде, оны бер жақтағы серіктері тартып алатын».

Ленинградта Төлебай Князов коммунист атанды, партбилет алды. «Коммунистер шабуылға әрқашан алдыңғы қатарда ұрандатып шығуы керек болатын. Осындай шабуылдардың бірінде мен барлық тісімнен айрылдым», - дейді ол. 44-ші жылдың қаңтар айында Ленинградты азат еткені үшін Төлебай Князов ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Одан кейін Псков болды, ондағы шайқастардағы ерлігі үшін Төлебай ақсақал тағы да екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Кейін Белоруссия, Украина, Латвия, Литва, Эстония болды. Мамырдың 9-ында, Ұлы Жеңісті Төлебай Князов Калининде, Кенигсбергке жақын жерде қарсы алды. Дем алып та үлгерген жоқ, жапон соғысына аттану туралы бұйрық жетті. Бірақ ол жіберген жерге барғанша, жапон соғысы да аяқталады. Кезекті жарақатынан кейін Төлебай Князов 1945 жылы жарамсыз деп танылып, әскерден босатылды.

Туған жеріне, Ақтөбе облысының Шалқар ауданына оралған соң, онда Жаңақоныс совхозында тың игеруге атсалысты, 1982 жылға дейін мал шаруашылығында еңбек етті. Өзі сияқты жетім қызға үйленіп, Төлебай ата зайыбымен Жеңістің 60 жылдығына дейін бірге өмір сүрді. 9 баланы тәрбиеледі, олардың әрқайсысының 2-3 баласы бар, Төлебай ата немерелерінің нақты санын білмейді.

Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында 92 жастағы ардагер балаларына қалдыру үшін Ақтөбе қаласынан пәтер алуды армандайды. Жас ұрпаққа өзі көрген қиыншылықты көрмеуді, соғыстың зұлматын көрмеуді тілейді. «Аспанымыз ашық, шаңырағымыз биік болсын, бақуатты болайық»,- дейді Төлебай ақсақал.

Соңғы жаңалықтар