«Қошқар ата» улы көлінің қалған 40 гектар жерін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды

АҚТАУ. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтаудың солтүстігіндегі уран қалдықтары жинақталған «Қошқар ата» улы көлін тездетіп жою жұмыстары бойынша өткен жылы оның 7 мың 700 гектарды құрайтын аса қауіпті деген 2 аумағының бірі залалсыздандырылған болатын.
None
None
Енді қалған 40 гектар жерін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сілтеме жасап. Улы көлде уран өндірісінен өзге қаланың 105 миллион тоннадай зиянды қалдықтары жиналған. Былтыр қойманың аса қауіпті деген екі аймағын залалсыздандыру үшін мемлекет қазынасынан 395 миллион теңге бөлінді. Сөйтіп 24 гектар жердің беті жабылды. Беткі қабатына 25 см. қалыңдықта бетон құйылды, ал оның үсті топырақпен көмілді. Оған республикалық бюджеттен 235 миллион теңге жұмсалды. Енді биыл қалған радиоактивті жерлерді жою үшін ластанған аумаққа 370 мың тонна топырақ төселінбек. «Қазір залалсыздандыру жұмыстары басталған аумақтағы радиацияның сәулесі 100 микрорентгеннен 170 микрорентгенге дейін барады. Бұл қалыпты жағдайдан 5 есе артық. Ал радиацияның сәулесі 30 микрорентгеннен аспауы қажет. Желмен, шаңмен осы жерлерден радионуклейдтердің ұшу қаупі бар еді. Міне осы жерлерді биыл жауып бітіреді. Оның қалыңдығы жаңағы фонға байланысты бір жерде 50 см. болса, енді бір жерде 75 см. болып жабылады», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоқжанов. Залалсыздандыру жұмыстарын «Уранликвидрудник» мекемесінің қызметкерлері жүргізуде. Олар 9 шақырымдай қара жол салып, жақын жердегі карьерден тазартылған топырақ тасып төсеуде. Мамандар көзделген аумақты қайта қалпына келтіру жұмыстарын алдағы күзде аяқтауды жоспарлап отыр. Барлық жер залалсыздандырылып болған соң, канал арқылы тұщы су айдап, мұнда өсімдік өсірілмек. Қазірдің өзінде залалсыздандырылып біткен шығыс беттегі аумақта өсімдік жамылғысы қалпына келе бастады.
Соңғы жаңалықтар
Референдум