08:01, 25 Қазан 2012 | GMT +5
Қостанай облысы ел өңірлерінің Астана қаласындағы ауылшаруашылық жәрмеңкелерін тәмамдайды
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - 27-28 қазан күндері Астанада Қостанай облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қыметі.
Астанада ел аймақтарының дәстүрге айналған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері қолжетімді бағаларымен және мерекелік көңіл-күйлерімен елордалықтардың көңілінен шыққаны сөзсіз. Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап бас қаланың ескі алаңында Алматы, ОҚО, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола және Павлодар өңірлері өздерінің ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізген болатын.
27-28 қазан күндері аталмыш марафонды Қостанай облысының аграршылары тәмамдайды. Қостанайлықтар 30-дан астам өнім түрлерін ұсынады деп күтілуде. Сонымен қатар мерекелік концерт пен спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Ал Құрбан айт мерекесіне орай, ұйымдастырушылар барлық келушілерге бауырсақтан, түрлі тәттілерден дәм таттыратын болады.