Қостанай облысында егін жинау науқаны басталды
Аймақ басшысының бағалауынша, орташа алғанда егін өнімі гектарына 8 - 10 центнерді құрауы мүмкін.
Жинау жұмыстарын алдымен батыс және оңтүстік аудандар, одан кейін шығыс және орталық, соңынан солтүстік аудандар бастайды.
Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, шөп дайындау аяқталуға жақын. Қазір оның көлемі 1,6 миллион тоннаны құрап отыр. Бұл өткен жылғыдан 600 мың тоннаға, жоспарланғаннан 100 тоннаға артық.
Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов аудандарды аралауға кірісті, ол егін жинау жоспарымен танысып жатыр. Әкімнің айтуынша, көктемдегі егіс науқанындағы көпке созылған жаңбыр аграршыларды егін егуді үш кезеңде жүргізуге мәжбүрлеген.
«Таранов және Денисов аудандарында өнімділік 8 - 9 ц/га деңгейде болады деп жоспарлап отырмыз, - деді Н. Сәдуақасов. - Жітіқара ауданында демалыс күндері күннің ысуы жағдайды ушықтырды. Сондықтан орташа өнімділік 6 - 6,5 ц/га, Қамысты ауданында 8 ц/га шамасында болады деп болжанып отыр».