20:32, 16 Қазан 2012 | GMT +5
Қостанай облысында есірткі салынған жасырын орын табылды
ҚОСТАНАЙ. 16 қазан. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Федоров ауданында марихуана салынған жасырын орын табылды.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Ленино ауылынан жеті шақырым жерде отыншылар беті жапырақтар және бұтақтармен жабылған полипропиленнен жасалған екі сөмкені тауып алды. Олардың ішінде төрт пакетке салынған 34,5 келі есірткілік заттар болып шықты. Есірткі қоймасын анықтағандар бұл туралы полицияға хабарлады.
Жедел тергеу тобы сөмкелерді тәркілеп, олардың ішіндегі заттарды сараптамаға жіберді. Сараптама зерттелген заттың марихуана екенін растады.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 259 бабының 3 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткінің келіп түскен арнасы мен бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша шаралар жүргізілуде.