12:51, 20 Қазан 2012 | GMT +5
Қостанай облысында «Іздестіру» операциясының үш күнінде 51 қылмыскер ұсталды
ҚОСТАНАЙ. 20 қазан. ҚазАқпарат - Қостанай облысының аумағында 17-19 қазан аралығында өткен «Іздестіру» операциясы аяқталды.
Оны өткізу кезінде қылмыстық полиция қызметкерлері 51 қылмыскерді ұстады, соның ішінде мемлекетаралық іздеуге жарияланған 9 адам бар. Бұл туралы Қостанай облыстық ІІД қылмыстық полиция басқармасы қылмыстық іздеу бөлімінің бастығы Қайрат Сейітмағанбетов хабарлады.
Оның айтуынша, 18 қазанда Қостанайда есірткі таратқаны үшін іздеуде жүрген 35 жастағы ресейлік азамат ұсталды. Ол 2011 жылдың сәуір айынан бері жасырынып жүрді. Қазіргі уақытта ол тергеу абақтысына қамауға алынды.
«Іздестіру» операциясы кезінде хабар-ошарсыз жоғалған 25 адам табылып, аты-жөні анықталмаған мүрделердің тұлғалары анықталды.
Жыл басынан бері қылмыстық іздеу қызметкерлері 184 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз жоғалған 156 адамды тапты.