Қостанай облысында көлік жүргізу құқығынан айырылған мас жүргізушілер ұсталды

ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 шілдеде Рудныйда түнде полицейлер «ВАЗ-21013» маркалы көлікті тоқтатқан. Темір тұлпарды 20 жастағы жергілікті тұрғын басқарды.
«Жүргізуші көлікті сенімсіз жүргізуі арқылы тәртіп сақшыларының назарын аудартқан, - делінген баспасөз хабарламасында - Медициналық куәландыру жүргізушінің қанында алкоголь болғанын көрсетті». Тексеріс кезінде ұсталған азаматтың 2014 жылдың ақпан айында екі жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Мұндай жағдай Жітіқара қаласында да тіркелді. «Ауди А4» көлігін 25 жастағы мас жүргізуші басқарған. Ол 2013 жылдың тамызында екі жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Еске сала кетейік, жуырда Қостанайда мас жүргізуші жаяу жүргіншілер жолында 13 жастағы жасөспірімді қағып өлтірген.