Қостанай облысында жарты тонна есірткі мен екі граната тәркіленді

Оның салмағы 500 келіден астам марихуана мен 10 келі нашаны құрайды.
Бұл есірткі заттарын «Мак2010» операциясы аясында жұмыс істеген Қостанай облысы ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тәркіледі.
Қостанай облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшиннің сөзіне қарағанда, иығына марихуана салынған қап асқан 34 жастағы ер адам Қостанай облысы, Бекежан кентінің шетінде қолға түскен. Сол жерге жақын маңнан полиция қызметкерлері 22 қап марихуана сақталған жасырын орынды тапқан. Ұсталған азаматтың үйін ары қарай тінту барысында тағы бір қап марихуана табылған. Қазір сараптамаға жіберілген РГД-5 екі гранатасы да сол жерден табылды.
А.Тіленшиннің пікірінше, есірткі заттары көршілес мемлекеттерге тасымалдау үшін сақталып келген. Күдікті азамат тұтқындалып, есірткінің қайдан алынғандығы анықталып жатыр.