Қостанай облысында жол-көлік апатынан үш адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді

«Оқиға 25 шілдеде шамамен сағат 7.20 орын алды. Жангелді АІІБ-ге жолдың 74 километрінде екі көлік соқтығысқаны туралы анонимді хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен санавиация дәрігерлері шықты», - делінген Қостанай облыстық ІІД баспасөз хабарламасында.
Ведомство ақпаратынша, «Лада 21705» маркілі көлігінің 27 жастағы жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып, «Ауди С4» көлігіне соғылған.
«Ауди» көлігінің рөлінде 24 жастағы жігіт отырған. Ол ауыр жарақат алды. «Лада» жүргізушісі апат салдарынан көптеген жарақат алды, үш жолаушысы - 28 жастағы ер адам мен 21 және 23 жастағы екі қыз оқиға орнында ажал құшты. Түрлі жарақат алған «Лада» көлігінің тағы бір жолаушысы - 23 жастағы Ақмола облысының тұрғыны санавиация көмегімен Қостанай ауруханасына жеткізілді.
«Ауди» көлігінің 28 жастағы жолаушысын да санавияция арқылы ауруханаға жеткізді. Ал жол-көлік апаты кезінде иномаркада отырған жамбасы сынған 16 жастағы оқушы Жангелді аудандық ауруханасына жеткізілді.
Медициналық куәландыруға сәйкес, екі жүргізуші де мас болмаған. Аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде.