18:09, 25 Қазан 2012 | GMT +5
Қостанай облысында жылқыларға оқ атқан барымташылар ұсталды
ҚОСТАНАЙ. 25 қазан. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Меңдіқара АІІБ-нің қызметкерлері жылқыларға оқ атқан барымташыларды ұстады.
Ауыл тұрғындарына келтірілген жалпы шығынның көлемі 1 миллион 250 мың теңгені құрады, деп хабарлады Меңдіқара АІІБ бастығының орынбасары Бейбіт Қабдырахметов.
Бұл қылмысты жасады деген күдікпен 20-30 жас аралығындағы бес адам ұсталды. Олар жайылымдағы жылқыларға оқ атқан. Жылқылардың етін алыпсатарларға сатып, одан түскен ақшаны тең бөлісіп отырған.
Б.Қабдырахметовтің айтуынша, шұғыл жедел-іздестіру шаралары өткізіліп, тергеу-жедел топтары оқиға орнына жеткен. Ұсталған күдіктілер қылмыстарын мойындап, түсініктеме берді. Барымташылардың үшеуі қамауға алынды, қалғандары ешқайда кетпеу жөнінде қолхат толтырды. Қазіргі уақытта іс сотқа жіберілді.