19:36, 06 Тамыз 2012 | GMT +5
Қостанай облысының әкімі суға батып бара жатқан үш қызды құтқарған полиция қызметкерлерін марапаттады
ҚОСТАНАЙ. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов Қостанай қалалық ІІБ патрульдік полиция батальонының үш қызметкеріне құрмет грамоталары мен ақшалай сыйақыларды табыс етті.

Марапатқа суға батып бара жатқан үш жасөспірім қызды құтқарған старшина Ерік Қоянбаев, аға сержант Берік Кеңесбаев және сержант Ерлан Жасәділ лайық деп танылды.
12 шілде күні полицейлер Тобыл өзеніндегі бөгет аумағында ағыспен ағып бара жатқан ес-түссіз 14 және 17 жас аралығындағы үш қызды байқады. Тәртіп сақшылары оларды судан алып шығып, жедел жәрдем келгенше оларға алғашқы медициналық көмекті көрсетіп үлгерді.
Бүгін Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов ержүрек жігіттерді марапаттап, бүкіл жағалау маңы аумақта тәулік бойы патрульдейтін полицейлердің алдын алу бойынша үлкен жұмыстарын атап өтті.