Қостанай облысының газбен жабдықтау нарығында «ҚазТрансГаз Аймақ» бірыңғай оператор ретінде қызметке кірісті

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қостанай облысы әкімдігінің 1 сәуірдегі №119 қаулысына сәйкес аймақтың жоғарғы, орта және төмен қысымдағы газ құбырлары мен ондағы құрылғылар, пайдалану мен қызмет көрсетуге қажет өзге де мүліктер коммуналдық меншіктен республикалық меншікке берілген болатын. 30 сәуірде «ҚазТрансГаз Аймақ» Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі комитетінің облыстық департаментінен Қостанай облысының 1 306 шақырымды құрайтын газ тарату құбырларын сенімгерлік басқаруға қабылдап, 1 мамырдан бастап облыстың газбен жабдықтау нарығында бірыңғай оператор ретінде қызмет ете бастады. Онда бірегей тарифтік және техникалық саясат сақталады және бюджет қаражатын тартпай-ақ газ тарату жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұған дейін Қостанай өңірінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан тауарлық газды көтерме бағаға сатып алған «Қостанайгаз» МКК тұрғындар мен кәсіпорындарға оны қайта сатумен айналысып келген болатын. Ол мұнда «Бұхара-Орал» магистральды газ құбырынан 353,5 шақырымдық құбыр арқылы жеткізіліп, Қостанай, Рудный, Лисаковск, Жетіқара қалалары мен облыстың 6 ауданында орналасқан 45 ауылдың тұрғындары үшін қолжетімді болып келген еді. Жалпы бүгінгі таңда тауарлық газды тұтынушылардың үлесі облыс тұрғындарының 30 пайызға жуығын ғана құрап отыр.