17:16, 02 Мамыр 2013 | GMT +5
Қостанайда 12 елдің дипломатиялық делегациясы жүр
ҚОСТАНАЙ. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін әлемнің 12 елінің дипломаттары делегациясының екі күндік жұмыс сапары басталды. Бұлар Канада, Жапония, Үндістан, ОАР, Индонезия, Ирак, Ватикан елшілері, Корея Республикасы елшісінің орынбасары, ҚХР елшілігінің кеңесшісі мен хатшысы, Оман Сұлтанаты елшілігінің хатшысы, сондай-ақ Бельгия мен Испания Корольдігі елшіліктерінің сауда-экономикалық бөлімдерінің басшылары.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаевтың хабарлауынша, шетелдік дипломатиялық ведомстволар өкілдері өзара тиімді ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатып, мүдделер нүктесі тоғысуы үшін облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен танысады.
Бүгін шетелдік қонақтар ұлттық-мәдени орталықтарда, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды, одан кейін «Садчиковское» ЖШС, «ССКББ» АҚ, «Арасан» фирмасы» ЖШС, ал ертең «Баян-сұлу» АҚ, «АгромашХолдинг» АҚ, «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС сияқты кейбір ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өндірісі орындарында болады, картина галереясына соғады.
Сапар қорытындысы жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен өтетін үлкен кеңес кезінде шығарылады.