Қостанайда «Еңбек Даңқы кітабы» жобасының таныстырылымы өтті

Кітап облыс өңірін тегіс аралап, еңбек шежіресімен толтырылатын болады, деп хабарлайды egemen.kz.
Келесі жылы 9 шілдеде Қостанай облысына 80 жыл толады. Осыған орай облыста «Еңбек Даңқы кітабы» жобасы жасалды. Кітапқа Кеңес Одағы кезінен бастап, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның Еңбек Ері атанған, Еңбек Даңқы орденінің толық иегерлері және басқа да еңбек адамдары жайлы танымдық материалдар жиналады.
«Облыстың 80 жылдығына орай облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың бастамасымен «Еңбек Даңқы» эстафетасы бастау алғалы отыр. Облыстық мұрағатта 2,5 мыңға жуық Еңбек Ерлері туралы материалдар жинақталған. Солардың барлығын жұртшылыққа мәшһүр ететін боламыз», - дейді Облыстық мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова. Тұсаукесерде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділда Мақанов «Еңбек даңқы кітабы» эстафетасының Меңдіғара ауданынан бастау алатынын айтты. Өйткені Меңдіғара ауданындағы Харьков ауылынан Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева шықса, Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов та осы ауылды түлеткен азамат. Осы таныстырылым барысында еңбектің қос торысы «Еңбек Даңқы кітабын» Меңдіғара ауданының өкілдеріне тапсырды. Енді меңдіғаралықтар өз ауданының еңбек шежіресін жасағаннан кейін кітапты Аманкелді ауданына тапсыратын болады. Ал Амангелді ауданында Кеңес одағы кезінде 13 Социалистік Еңбек Ері шыққан болатын. Келесі жылы облыстың 80 жылдығы кезінде кітап салтанатты түрде облыстық мұрағат және құжаттама басқармасына тапсырылады.