Қостанайда Индустрияландыру картасы жүзеге асырыла бастаған екі жылдың ішінде жалпы сомасы 41,4 млрд. теңгенің 38 жобасы іске қосылды -облыс әкімінің есебі

Онда облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылды және Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын іске асыру аясындағы 2012 жылдың міндеттері анықталды, деп хабарлады www.pm.kz. сайты.
Қостанай облысында 2011 жылы 565 млрд. теңге соманың өнеркәсіптік өнімдері өндірілді, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 26,4 пайызға көп.
Индустрияландыру картасы жүзеге асырыла бастаған екі жылдың ішінде жалпы сомасы 41,4 млрд. теңгенің 38 жобасы іске қосылды, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Өңірдің атынан Картаға жалпы сомасы 247,2 млрд. теңгенің 53 жобасы енгізілген.
2011 жылы 8 млн. 730 мың тонна астық жиналып, егіннің орташа шығымдылығы 20,3 ц/га құрады. Бұл 378 млрд. теңгені құраған ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің өсуіне едәуір үлес қосты. Нақты көлем индексі 159 пайызға жетті. Өнімдер өндірісі ауыл шаруашылығында еңбек ететін әр адамға шаққанда 1,8 млн. теңгені немесе 12,7 мың АҚШ долларын құрады.
2011 жылы сондай-ақ, Индустрияландыру картасының аясында «АгромашХолдинг» АҚ-ның базасында оңтүстіккорейлік «Ssang Yong» автокөліктерін құрастыру жобасы қолға алынды. Бұл өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін жаңа сала. Былтыр 869 автокөлік құрастырылғанын айта кету керек.
Өткен жылы сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік алқаптардың ауданы 385 мың гектарға ұлғайтылды және жалпы ауданы 10 млн. га құрады, бұл облыстағы жалпы егістік алқабының 51 пайызы.