Қостанайда кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды
Семинарға Қазақстанның 16 аймағының полицейлері қатысты. Олар Қостанай полициясының жеткіншектермен жұмысын мысалға ала отыра, жеткіншектер қылмысын сараптан өткізді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің алдын алу қызметі басқармасының бастығы Қаныбек Жақсығалиев хабарлағандай, биылғы жылы Қостанай облысындағы жеткіншектер қылмысын 42,9 пайызға азайтуға мүмкіндік туды.
Форум жұмысы оқу орындарына экскурсия мен мектеп инспекторларының кабинеттерін аралаудан басталды. Қостанай облыстық ІІД бастығының орынбасары Сайын Жұмабаевтың пікірінше, «мектеп инспекторларының жұмысы мектеп ұжымымен тығыз байланыста жүзеге асырылуы тиіс». Оның сөзін құптаған Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Роза Сәрсенова облыс мектептерінде ІІД бірлесе отыра қырықтан астам «Жеткіншек», «Жасөспірім», «Мектептегі құқық тәртібі», «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» жедел-алдын алу шаралары өткізілгенін атап өтті.