Қостанайдың велошабандоздары «Біз - жолдың қауіпсіздігі үшін!» насихаттау шарасын ұйымдастырды
Шараға жол сақшылары, «Нұр Отан» партиясы, облыстық велоспорт федерациясы, «Қазақинстрах» сақтандыру компаниясы мұрындық болған. 12-17 жас аралығындағы 15 бала Қостанай-Рудный-Лисаковск бағдарындағы бағытты бағындырды.
«Бағыт кездейсоқ таңдалған жоқ. Рудный тас жолында жүргізушілердің дені жылдамдықты асыра түседі. Біз жолда жүру ережесін бұзу мәселесіне назар аударылғанын қалаймыз», - деді шараға қатысушылардың бірі, 14 жастағы Алексей Тютюшинов.
Қауіпсіз қозғалысты қолдайтын Қостаанай облыстық велоспорт федерациясының вице-президенті Сергей Бредехин 2014 жылы қазақстандық велоспорт бір ғасырлық мерейтойын атап өтетінін хабарлады.
«Елімізде алғашқы велошеру Ақтөбе қаласында 1914 жылдың 6 шілдесінде ұйымдастырылды. Онда велошабандоздар барлық облысты айналып өткен болатын. 1934 жылы Қазақстанның велосипедшілері 4 мың шақырымды бағындырды. Болашақта қашықтықты ұлғайтуды көздеп отырмыз», - деді ол.