ҚПЛ: «Ақтөбе» мен «Тобыл» кездесуінде кім жеңіске жетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХVII турында бүгін негізгі кездесу - «Ақтөбе» мен «Тобыл» (Қостанай) ойыны өтеді.

Бұл матч 20:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда биыл турнир кестесінде бір-бірімен қатарлас тұр. Қостанайлық клуб 34 ұпаймен үздік үштікті түйіндесе, төртінші орындағы ақтөбелік клубтың еншісінде 32 ұпай бар.
Айта кетерлігі, екі команда арасындағы кейінгі бес кездесудің барлығында қостанайлық клубтың мерейі үстем болды.
Сондай-ақ бүгін, 20 шілдеде 18:00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Атырау», 20:00-де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ордабасы» (Шымкент) кім мықтыны анықтайды.
Ал 19 шілдеде семейлік «Елімай» елордалық «Жеңіске» 1:2 есебімен жеңілсе, «Қайрат» (Алматы) пен «Қайсар» (Қызылорда) 1:1 есебімен тең түсті. Тағы бір кездесуде көкшетаулық «Оқжетпес» Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0 есебімен жеңді.
Аталған турда 18 шілдеде өткен ойында «Астана» өз алаңында Түркістанның «Тұранын» 7:0 есебімен тізе бүктірді.
Сұрмергендер көшінде Назми Грипши («Астана») 9 голмен көш басында тұрса, Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Марин Томасов («Астана»), Дәурен Жұмат («Оқжетпес») 8 голмен одан кейінгі орындарға жайғасты.