10:36, 05 Маусым 2009 | GMT +5
«ҚПО б.в.» компаниясы қазақстандық кәсіпорындармен 5,5 млн. АҚШ доллары көлемінде келісім-шарт жасасты
ОРАЛ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен Қазақстанның Қарашығанақ жобасындағы үлесін арттыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отырыс барысында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы батысқазақстандық он бір кәсіпорынмен бұлардың әрқайсысына 500 мың АҚШ доллары (барлығы 5,5 млн. доллар) мөлшерінде жұмыс көлемін беру туралы келісім-шартқа қол қойды. Мұндай келісімге қол жеткізгендер ішінде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Оралагрожөнмаш», «Орал «Зенит» зауыты» АҚ және басқа кәсіпорындар бар.
Нұрлан Ноғаев қазақстандық үлесті арттыру бағытында бұдан былай да жұмыс жасала беретінін атап өтті.