ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Шыңғырлау ауданында болды
Шыңғырлау - әуелден егін және мал шаруашылығы қатар дамыған аудан. Малын өргізіп, астықпен қамбаны толтыруға төселген ауданның тыныс-тіршілігін соңғы жылдары жауын жаумай, қуаңшылықтың орын алуы қиындатып жібергені жасырын емес.
Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі Алдияр Халелов ашты. Содан кейін көпшілікті толғандырып жүрген мәселелерді жан-жақты талқылау басталып кетті. Вице-министр Президенттің халыққа арнаған Жолдауы аясында республика бойынша ауыл шаруашылығы саласында атқарылып отырған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ агрөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасын түсіндірді.
Әрі қарай вице-министр кездесуге келгендердің пікіріне құлақ түрді. Белогор ауылдық округіндегі «Бәйтерек» ШҚ жетекшісі А.Қазиев, Лубен ауылдық округінен «Өнім» ШҚ иесі М.Байқатов үкімет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдау-көмектерге риза екендіктерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған вице-министр ауылды қамқорлаудың шаралары келешекте де жалғаса беретіндігін қадап айтты.