ҚР бірінші вице-премьері Ұлыбританияның Премьер-Министрі Д.Кэмеронмен кездесті
Бұл туралы ҚР Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Меншн-Хаустағы қабылдауда ҚР бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаев Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кездесіп, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шынайы көңіл айтуын жеткізді. Британ Премьері біздің Мемлекет басшымызға алғысын және ізгі тілектерін білдірді.
Еске сала кетейік, Қазақстан өкілдері 16 сәуір күні күндіз Лондонға ұшып кеткен болатын.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрімен қоштасу рәсімі бүгін, яғни, 17 сәуір күні Қасиетті Павел соборында, ал жерлеу рәсімі Лондонның Чели ауданындағы Корольдік ауруханасының зиратында өтті.
Маргарет Тэтчерді жерлеу рәсіміне Ұлыбритания патшайымы Елизавета II мен жұбайы, сонымен қатар британия үкіметінің басшысы Дэвид Кэмерон бастаған үкімет құрамы түгелімен қатысты.
Осыған байланысты кеше Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия Біріккен Корольдiгiндегi Төтенше және өкiлеттi елшiсi Қайрат Әбусейітов британдық Сыртқы істер министрлігінде болып, Маргарет Тэтчердің қазасына байланысты «Қайғы кітабына» көңіл айту лебізін қалдырған болатын.
Ұлыбритания Премьер-Министрі кеңсесінің хабарлауынша, қоштасу рәсіміне Ұлыбританиямен өзара достық қарым-қатынастардағы 200 мемлекеттің ресми өкілдері мен халықаралық ұйымдар басшылары қатысты.