ҚР делегациясы ЯҚТШ күшіне енуін қарау жөніндегі Шолу конференциясына қатысты

Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, сессияның күн тәртібінің негізгі тармағы 2010 жылғы ЯҚТШ Шолу конференциясының қорытындысы бойынша қабылданған іс-қимыл жоспарын іске асыру, Шарт тараптарының міндеттемелерін жүзеге асыру мәселелері болды. Шарты әмбебаптандыру, ядролық қарусыздану, Таяу Шығыста жаппай қырып-жою қаруынан азат аймақ құру, Ядролық сынақтарды жалпыға бірдей таратпау туралы шартты тезірек күшіне енгізу және басқа да көптеген мәселелер кеңінен талқыланды.
«Қазақстандық делегацияның сөздерінде ҚР-ның ядролық қарудан азат әлем құруды жақтайтыны атап көрсетілді, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қарусыз әлем орнату жөніндегі жалпыға бірдей декларация қабылдау, «АТОМ» жобасы және Қазақстанда МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін орналастыру жөніндегі бастамалары жария етілді. Қазақстандық тарап Шарт бойынша міндеттемелерге сәйкес ядролық арсеналдарды жою жөніндегі тиімді шараларды қабылдауға шақырды, сондай-ақ БҰҰ-ның барлық мүше-елдерін Қазақстанның бастамасы бойынша қабылданған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні туралы қарарды жүзеге асыруға үндеді», деп хабарлады ҚР СІМ.
Шара ауқымында біздің елдің делегациясы кездесулер өткізіп, Ресей, АҚШ, Еуропалық Одақ, Австралия, Беларусь, Польша, бірқатар халықаралық ұйымдар мен қарусыздану саласындағы ҮЕҰ өкілдерімен келіссөздер жүргізді.