ҚР депутаттары Брюссельде саяси партиялар, комитеттер фракцияларының басшыларымен, Еуропарламент жетекшілерімен кездеседі

  БРЮССЕЛЬ. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастығы комитетінің теңтөрағасы Сергей Дьяченко басқарып келген ҚР Парламентінің делегациясы Брюссельде саяси партиялар, комитеттер фракцияларының басшыларымен, Еуропарламент жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізеді.
None
None

Атап айтқанда, бүгін Еуропарламент төрағасының орынбасары Мигель Анхель Мартинес Мартинес, «Социал-демократтардың озық альянсы» тобының төрағасы Ханнес Свобода, «Еуропалық консерваторлар мен реформашылар» тобының төрағасы Мартин Каллананмен кездесулері жоспарланған.

Келесі екі күні қазақстандық депутаттардың ЕП-тің шетелдік істері бойынша комитетінің төрағасы Эльмар Брокпен, ЕП-тің адам құқықтары бойынша кіші комитеті төрағасының орынбасары Метин Казакпен, «Социал-демократтардың озық альянсы» тобы төрағасының орынбасары Либор Ручекпен, ЕП-тің ҚР бойынша делегациясы төрағасының орынбасары Николь Киил-Нильсенмен, «Еуропалық халықтық партиясы» президенті  Вилфрид Мартенсонмен,  ЕП-тің ҚР бойынша делегациясының төрағасы Паоло Бартолоццимен, делегация мүшелері - Элизабет Йеггле, Яохимом Зеллер және тағы басқа ресми өкілдермен кездесулері күтіледі.

Қазақстандық тараптан жүздесулерге ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, ҚКХП-ның төрағасы Владимир Косарев, Мәжілістің экономикалық реформа және аймақтық даму бойынша комитетінің мүшесі, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев, Мәжілістің экономикалық реформа және аймақтық даму  комитетінің мүшесі Айгүл Соловьева қатысады.

Қазақстандық және еуропалық парламентшілер саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимылдан бастап демократияның алға жылжуы, адам құқықтары, халықаралық аренадағы жағдай мәселелеріне дейін пікір алмасады деп күтіліп отыр.

Бұл жаңартылған «Қазақстан-Еуроодақ» парламенттік ынтымақтастығы комитеті мүшелерінің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлағаннан кейін өтетін бірінші кездесуі екендігін атап өту керек.

Соңғы жаңалықтар