ҚР «Электрондық үкімет» ІІІ интерактивтік кезеңді жүзеге асыру сатысында
Бұл туралы Мәскеуде Байланыс саласындағы Аймақтық достастықтың байланыс әкімшіліктері басшылары кеңесінің 42-ші отырысында және Ақпараттандыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің 15-ші отырысында айтылды. Ведомство басшысы Асқар Жұмағалиев басқарған ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің делегациясы осы кеңестердің отырыстарына қатысты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Отырыстар барысында қатысушылар мемлекеттік секторды ақпараттандыру туралы хабарлама жасады. Айталық, көрші Ресейдің электрондық үкіметі «электрондық мемлекет» дамуының әлемдік практикасының кезеңдерге бөлуіне сәйкес бүгінде бес кезеңнің екінші сатысында тұр. Қазіргі кезде онда үшінші (интерактивтік) және төртінші (транзакциялық) кезеңдерді жүзеге асыру үшін технологиялық мүмкіндіктер қаралуда. Әзірбайжанда мемлекеттік тізілім жасалып, халық регистрі қалыптастырылуда.
Ал Қазақстанға келетін болсақ, «электрондық үкіметке» дайындық рейтингісі бойынша 2008 жылмен салыстырғанда ел 35 позицияға (81-ден 46-ші) көтерілді, электрондық қызмет индекстері бойынша 95-інші қатардан 24-ші қатарға алға жылжыды. «Қазақстандық е-үкімет үшінші интерактивтік кезеңді жүзеге асыру сатысында, оның транзакциялық кезеңінің элементтері жасалып, қазірдің өзінде байқаудан өтуде», - делінген хабарламада.
«Зерде» Ұлттық ақпрараттық холдингі» АҚ «электрондық үкіметті» дамыту және мониторинг бойынша басқарушы директоры Альтаир Уызбаевтың хабарлауынша, қазақстандық е-үкімет порталында 37 электрондық сервисті пайдалануға және 22 интерактивтік қызметтер алуға болады. Сонымен қатар рәсімдерді алуды оңайлату жөніндегі жұмыстар тұрақты жүргізілуде.