ҚР Елшілігі Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына өтеусіз көмек көрсетті
Бұл туралы ҚазАқпаратқа Елшіліктен хабарлады.
Баян-Өлгей аймағының әкімшілігіне тұрмыс-жағдайы төмен тұрғындарға тарату үшін 50 тонна ұн және кедей отбасыларына 10 тонна ет тапсырылған. Сонымен бірге, аймақтағы жетім және мүгедектерді асырау үйі оргтехникамен, кілемдермен, ыдыс-аяқтармен жабдықталып, ағымдық жөндеу жұмыстарын жасауға қаржылай көмек берілген, мешітке компьютер сыйға тартылды.
Бұл өтеусіз көмекті аймақ тұрғындары үлкен қуанышпен қабылдап, өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтуда.
Жергілікті журналистер мен сарапшылар қазіргі таңдағы қазақ-моңғол қарым-қатынастарының қарқынды дамуының нақты мысалы ретінде өтеусіз көмектің көрсетілуі күн талабына сай келгенін ашық жариялады.
«Баян-Өлгей аймағының басшылығы өткен қыстың ауыртпалығын, аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалының нашарлығын айта келе көрсетілген өтеусіз көмектің орынды және уақтылы берілгенін баса айтты», делінген баспасөз хабарламасында.