21:06, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Елшісі Ғ.Қойшыбаев Латвия президентіне сенім грамотасын тапсырды
АСТАНА. Наурыздыңс 12-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Латвия Республикасының президенті Валдис Затлерске сенім грамотасын тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Осы рәсімнен кейін болған кездесуде еліміздің елшісі екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, Қазақстанның Еуроодақ елдерімен өзара іс-қимылы жандана түскенін, соның ішінде «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын және Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге әзірленіп отырғанын атап өтті.Қазақстандық дипломат Қазақстанның Еуроодақпен әріптестік пен ынтымақтастық жөнінде жаңа келісім жасау бастамасына назар аударды және біздің еліміз бұл тұрғыда Риганың бұл мәселені ілгері жылжытуға қолдау көрсететініне сенім білдірді. Президент В.Затлерс Латвия Қазақстанмен достық қатынастарды кеңейтуге және тереңдетуге үлкен маңыз беретінін мәлімдеді. Ол 2008 жылғы қазан айында Астанада ресми сапармен болған кезіндегі Елбасы Н.Назарбаевпен кездесулерін ыстық сезіммен еске алды. Латвия президенті Қазақстанның халықаралық, атап айтқанда Еуроодақ елдерімен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бастамаларына қолдау көрсететінін білдірді және Елбасы Н.Назарбаевқа және Қазақстан халқына игілік пен гүлдену тілегін жеткізген ыстық сәлемін жолдады.