ҚР Елшісі Польша вице-премьерімен инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстандық дипломат польшалық әріптесін өзінің осы елдің экономикалық өсімді ынталандыру бойынша арнайы ведомстволарының, соның ішінде Ақпарат және шетелдік инвестициялар агенттігі, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттік, Өнеркәсіпті дамыту жөніндегі агенттік пен Ауыл шаруашылығы нарығын дамыту агенттігінің басшыларымен өткізген кездесулерінің нәтижесімен таныстырды, Қазақстан мен Польшаның аймақаралық және инвестициялық ынтымақтастығын ілгерілету шеңберінде бірқатар нақты жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
Атап айтқанда, тараптар екі ел басшылығы және облыстары мен воеводстволарының іскерлік қауымдастығының қатысуымен Қазақстан-Польша форумын, 2013 жылдың бірінші жартысында Кельц қаласында бірлескен семинарлар, аграрлық секторға қолдау көрсету жөніндегі қазақстандық ұйымдардың қызметкерлері үшін Польшада тағылымдамалар өткізу мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ жуырда тау-кен, құрылыс және машина жасау салаларына инвестиция құю мәселесін зерттеу мақсатында польшалық кәсіпкерлердің Қазақстанға бизнес-миссиясы ұйымдастырылады.
В.Павляктің айтуынша, «2013 жылы Польшаның іскери қоғамдастығы Қазақстанға баса назар аудармақ». Бұған үкіметтің үшжылдық арнайы бағдарламасы аясында Варшаваның біздің елді польшалық компаниялар үшін ең перспективті рыноктардың бестігіне қосу жөніндегі шешімі септігін тигізеді (бұл топқа сондай-ақ Алжир, Бразилия, Канада және Түркия кіреді). Вице-премьер біздің елшіні бүгінгі таңда Польшада құрылыс, тау-кен машина жасау және қорғаныс өнеркәсібі салаларында ілгерілету бойынша үш мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті.
Кездесу барысында В. Павляк мемлекеттік пакеті жекешелендірілетін поляк компанияларының тізімін ұсына отырып, аталмыш жобаға, сондай-ақ Еуроодақ пен Кедендік одақ елдерінің сауда шекараларын ескере отырып, Польша аумағындағы көлік-логистикалық терминалдарға инвестиция құю жобасына қазақстандық компанияларды қатысуға шақырды.