ҚР елшісінің Испания аймақтарына сапары барысында екіжақты ортақ экономикалық мүдделер талқыланды

None
None
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - 1-3 желтоқсанда Қазақстанның Испан Корольдігіндегі Елшісі Ерғали Бөлегенов Каталония Автономдық қоғамдастығына жұмыс сапарын өткізді, оның барысында Қоғамдастықтың басшылығымен кездесулер, және де Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бірқатар іс-шараларға қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Каталонияның үкімет төрағасы Артур Маспен өткізген кездесуінде қазақстан-испандық екіжақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. Қазақстан Елшісі тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде еліміз дамуының жалпы барысымен, сыртқы саясатының басымдылықтары және негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырудағы нәтижелерімен, оған қоса соңғы жылдардағы Қазақстанның жетістіктерімен, оның ішінде ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы мен ағымдағы ИЫҰ-ға төрағалығымен таныстырды.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму перспективалары туралы пікір алысып, екі елдің шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің осы бағытта белсенді жұмыс істеу қажеттілігіне тоқталды. А.Мас осыған байланысты, Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға каталондық кәсіпкерлердің үлкен қызығушылығы бар екендігін растады.

Қарым-қатынастарды жергілікті деңгейде дамыту перспективалары жөніндегі тақырыбы Барселона қаласы әкімшілігінің халықаралық қатынастар департаментінің директоры Хоаким Лиманеспен болған кездесуде негізгі тақырып болды. Атап айтқанда, Алматы мен Барселона арасында туыстастық байланыстарын орнату мүмкіншілігі талқыланды, және де қызмет көрсету, туризм және спорт сияқты салаларда, оның ішінде 2017 жылы болатын Универсиаданы дайындау мен өткізу шеңберінде ынтымақтастық орнату мүмкіншіліктері қаралды.

Е.Бөлегенов Барселонаның сауда палатасының басшысы Х.Басаньеспен кездесіп, каталондық компаниялардың Қазақстан нарығына шығу перспективалары туралы әңгімелесті, оған қоса аймақтың ірі және орта кәсіпкерлеріне арналған «Қазақстан мен оның инвестициялық мүмкіншіліктері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Құрамында Қазақстанның бірқатар ұлттық компанияларының, олардың ішінде «Самұрық - Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация республикадағы кәсіпкерлік жүргізудің экономикалық және заңдық мәнісі туралы толық ақпарат берді, оған қоса каталондық кәсіпкерлерді қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.

2 желтоқсанда болған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандық жол» және «Қазақстандық жол: тұрақтылықтан - жаңарту арқылы - гүлденуге» атты испан тіліндегі кітаптарының тұсаукесері автономдық қоғамдастықтың қоғамдық-саяси қайраткерлерінің, кәсіпкерлерінің және студенттерінің үлкен қызығушылығын туғызды. Қазақстан Елшісі өзінің сөзінде мемлекеттің қалыптасуындағы, реформалар жүргізудегі және Қазақстанның нығаюындағы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың халықаралық қауымдастықтағы ең белсенді мүшесі ретіндегі рөлі мен маңыздылығын атады.

Сол күні қазақстандық дипломат каталондық жанұялар асырап алған қазақстандық 40 баламен кездесті. Е.Бөлегенов ата-аналармен өмір сүру жағдайлары, балаларды тәрбиелеу мен білім беру жөнінде әңгімелесті. Іс-шараға қатысушыларға испан тіліндегі Қазақстан туралы фильм көрсетіліп, естелік ретінде сыйлықтар таратылды.

3 желтоқсанда Таррагона провинциясында ҚР Елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Каталонияның мектеп оқушыларының арасында футболдан, жеңіл атлетикадан және мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өткізді. Бұл жарыстарға 1000-нан астам бала және 3 мыңнан астам көрермен қатысты.

Турнирдің демеушілері болып бірнеше испандық және қазақстандық компаниялар, олардың ішінде Астана - Байтерек бейнеленген кубоктар берген «Самұрық - Қазына» ҰӘҚ АҚ мен «Қазақстан темір жолы» болды. Осы және «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» бейнеленген басқа да бағалы сыйлықтар турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тапсырылды, сонымен қатар Спорт сарайында болған турнирдің жабылу рәсімінде барлық қатысушыларға таратылды. Бұл күні барлық спорттық алаңдарда және Спорт сарайында Қазақстан жалаулары желбіреп тұрды және Қазақстан туралы әшекейленген фотосурет көрмелері ашылды.

Соңғы жаңалықтар