ҚР ІІМ ақпараттық-насихат тобы Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында батыс облыстарды аралап шықты

ОРАЛ. 15 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық-насихат тобы 31 наурыз-14 сәуір аралығында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында болып, Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында кездесулер өткізді. Сонымен қатар ҚР ІІМ ішкі әскерлер ән-би ансамблі мен ҚР ІІМ мәдени орталығы концерттік бағдарламаларын тарту етті.
None
None

Ішкі әскерлер Батыс құрамасының баспасөз хатшысы, майор Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлері және тұрғындар арасында насихаттауға шыққан топтың құрамында ҚР ІІМ ішкі әскерлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, полковник Мұхаметқали Сатов, министрліктің кадр департаменті тәрбие бөлімшесі бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Болат Қаженовтер болды.

Сапар барысында облыс орталықтарында «Нұр Отан» ХДП ғимаратында жергілікті билік өкілдерімен бірлескен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Сондай-ақ қалалар мен аудан орталықтарында тұрғындармен кездесулер өтіп, оның соңы аталмыш ән-би ансамблі мен мәдени орталығының концерттік бағдарламасына ұласты. Жүздесулерде М.Сатовпен қатар Қарағанды ішкі істер академиясының кафедра меңгерушісі, полиция полковнигі Жүсіп Шалабаев сөз алып, тарихи Жолдаудың мән-маңызына тоқталды.

Шаралар барысында үздік қызметімен көзге түскен әскери қызметкерлер мен сарбаздар, үгіт-насихат жұмысын жүргізуге белсене қатысқан қоғамдық ұйымдар өкілдері алғысхаттармен, төсбелгілермен марапатталды. Сала ардагерлері де ұмыт қалған жоқ. Сондай-ақ қарттар мен балалар үйлерінде қайырымдылық концерттері қойылды.

Соңғы жаңалықтар