14:58, 14 Қараша 2012 | GMT +5
ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысушылар Каспий маңы облыстарын индустрияландыру мәселелерін талқылады
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар Каспий маңы облыстарын индустрияландыру, жұмысқа орналастыру, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, туризмді дамыту мәселесін талқылады. Қоршаған ортаны қорғау және Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігі, судың ластануына, соның ішінде мұнайдың төгілуіне жол бермеу қажеттілігі атап өтілді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға өңірдің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблеманы шешу жөнінде қажетті шараларды әзірлеуді және іске асыруды тапсырды.