10:30, 05 Маусым 2009 | GMT +5
ҚР Көлік және коммуникация министрі Иранның Қазақстандағы елшісімен кездесті
АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат - Маусымның 4-і күні ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рамин Мехманпарастпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан мен Иран арасында көлік пен коммуникацияның барлық түрі бойынша байланыс жолға қойылған, перспективада бірлескен жобалар бар. Айталық, темір жол көлігі саласында Қазақстан, Иран және Түркіменстан жалпы ұзындығы 677 шақырым болатын Өзен (Қазақстан) ? Қызылқия-Беркет-Этрек (Түркіменстан) -Горган (Иран) темір жол желісі құрылысының жобасын іске асыруға кірісіп кетті. Бұл темір жолдың қазақстандық учаскесінің құрылысы республикалық бюджет қаржысы есебінен ағымдағы жылдың екінші жартысында басталады. Иран компаниялары автомобиль жолдарының құрылысына белсенді қатысуда. Бүгінде «Астана-Щучинск және Қарабұтақ-Ырғыз-Қызылорда облысының шекарасы автожолы құрылысы бойынша «Дена КЗ» және «Дена Рехсаз» компанияларымен келісімшарттар бекітілді. Сонымен қатар кездесуде, Тегран-Алматы бағытында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі көтерілді. Жеңілдіктерді ұсыну туралы уағдаластықтарға қол жеткізілетін болса, Иранның «МаханЭйр» әуе компаниясы көрсетілген бағдар бойынша рейстерді орындауға дайын. Сонымен қатар, тараптар су көлігі саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екенін атап көрсеткен. «Өз кезегінде Р. Мехманпараст ынтымақтастықты, оның ішінде Қазақстан мен Иранның сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссия аясындағы жұмысты дамытудың әлеуеті зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, елші комиссияның кезекті 11ші отырысы ағымдағы жылдың күзінде Тегранда өтетінін айтты», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.