ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ. Саудабаев Жапония-Қазақстан достығын нығайту жөніндегі парламенттік лиганың төрағасы Ю. Хатояма мырзамен кездесті

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Ақордада IV Астаналық экономикалық форум жұмысы аясында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Жапонияның бұрынғы Премьер-Министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатояма мырзамен кездесті.
None
None

Мемлекеттік хатшы ең алдымен мыңдаған адамның өмірін қиған алапат зілзала мен «Фукусима-1» атом стансасындағы техногендік апатқа байланысты көңіл айтты.

«Жақында Сіздердің мемлекеттеріңізде орын алған қайғылы оқиға кезінде қазақстандықтардың көбісі жапония халқына бар көңілдерімен ортақтас болды. Себебі соңғы 19 жылда біз тек әріптестік қарым-қатынас қана емес, сондай-ақ ядролық сынақтарды бастан кешкен әлемдегі санаулы мемлекеттер ретінде де мол байланыс орнаттық», -деді Қ.Саудабаев.

Кездесуде әлемдік қоғамдастық тарапынан ядролық қаруды таратпау және оның санын азайту мәселелері бойынша Қазақстан мен Жапония арасындағы ұзақ жылғы жемісті әріптестік байланыстардың қолдауға ие болып отырғаны ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар Қ. Саудабаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Семей сынақ аймағын жабу туралы Жарлығының 20 жылдығына арналған халықаралық конференцияға күншығыс елінің жоғары мәртебелі өкілдерін қатысуға шақырды.

Юкио Хатояма мырза табиғат апатының зардаптарын жоюға Жапонияға көмек көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын қарқынды экономикалық, саяси-қоғамдық даму тұрғысында қарсы алып отырғанын атап өтті.

«Біздің мемлекеттер арасындағы әріптестік, әсіресе, табиғи ресурстар саласында дамыған. Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасы екі ел халқы үшін де өте пайдалы. Қос мемлекеттің алдағы ынтымақтастық қарым-қатынасы нығая түсетініне сенімдімін», - деп атап көрсетті Ю. Хатояма.

Соңғы жаңалықтар