ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев Үндістан Сыртқы істер министрімен кездесу өткізді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу аясында тараптар екі ел арасындағы бүгінгі қарым- қатынастар мәселесін талқылап, қазақстандық-үндістандық стратегиялық әріптестіктің перспективасы мен оны дамыту жайында әңгіме өрбітті. Сонымен бірге, кездесуде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Үндістанға мемлекеттік сапары барысында қол жеткен келісімдердің жүзеге асуы жайы сөз болды.
Сыртқы саясат ведомствосы басшылары әңгіме барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қозғай отырып, ағымдағы экономикалық байланыстар ауқымы Қазақстан мен Үндістанның зор әлеуеттеріне толық жауап бере алмай отырғанын атап өтті. Осы ретте Қ. Саудабаев еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен таныстыра келе, бұл бағыттағы нақты шараларға Үндістан тарапының қызығушылығы болатынына сенім білдірді.
Сонымен бірге, тараптар әңгіме барысында БҰҰ, ШЫҰ, АӨІСШК секілді өңірлік, халықаралық һәм жаһандық ұйымдар аясындағы өзара байланыстардың деңгейіне қанағаттанатындықтарын атап өтті. Бұндай ынтымақтастықтар екі елдің де Еуразия құрлығындағы рөлінің артуына байланысты ерекше өзектілікке ие болатынына назар аударылды. Сондай-ақ, кездесу барысында С.М.Кришна Қазақстан мен үнді елінің халықаралық және өңірлік мәселелерде, оның ішінде терроризммен күреске байланысты ортақ ұстанымына ерекше тоқталып өтті.
Бұдан бөлек, екі тараптың ресми тұлғалары қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында қазақстан-үндістанның саяси, экономикалық, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Келіссөздер нәтижесіне орай Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Үндістан Республикасы Үкіметі арасында мәдениет, өнер, БАҚ және спорт салалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.