ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Швейцария Конфедерациясына ресми сапармен барады
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«Швейцария астанасы Берн қаласында Қазақстанның Сыртқы істер министрі сол елдің басшылығымен бірқатар келіссөздер өткізіп, 2009 жылы қазанда Астанаға келіп қайтқан аталған мемлекеттің Сыртқы істер жөніндегі федералдық кеңесшісі Мишлин Кальми-Рейдің ресми сапары қорытындысы бойынша саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты сұхбатты одан әрі дамытуда қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысын талқылайды деп күтілуде. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қояды деп жоспарлануда», дейді министрліктің ресми өкілі.
Сонымен қатар еліміздің Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Женевада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде «ЕҚЫҰ - Еуропа кеңесі» форматындағы кездесуге қатысып, Еуропалық кеңестің Бас хатшысы Торбьерн Ягландпен кездесетіндігін атап өткен А.Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық кеңес арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды мәселелерін талқылап, еліміздің бірқатар еуропалық конвенцияларға қосылуға берген өтініштерін қарастырмақ.