ҚР МГМ құрғақ газ өндірісін 40,5 млрд. текше метрге, тауарлы газды 22,1 млрд. текше метрге дейін арттыруды жоспарлауда
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.
«Былтыр елімізде газ өндіру көрсеткіші өсті. Сәйкесінше, құрғақ тауарлы өндірісі 2,3 пайызға артты. Министрліктің стратегиялық жоспары бойынша, 2013 жылы елімізде құрғақ газ өндірудің болжамы 40,5 млрд текше метр, ал тауарлы газды 22.1 млрд. текше метрге дейін ұлғайту жоспарланады», - дейді министр.
Оның айтуынша, газ экспортының көлемі 11,2 млрд. текше метрді құрайтын болады. Ал былтырғы жылы тауарлы газдың ішкі тұтынуы 2,9 пайызға өсіп, 10,5 млрд. текше метрді құраған.
«Былтыр газ бөлу жүйесін дамытуға республикалық бюджеттен 13,5 млрд. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 600 шақырым шамасында газ құбырлары тартылды. Нәтижесінде еліміздің сегіз облысында 60 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік болды»,- дейді С. Мыңбаев.