ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып Қайрат Мәми сайланды
Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабына сәйкес Елбасы ұсынған Сенат Төрағасының кандидатурасын палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Сайлауға 44 сенатор қатысып, барлығы ҚР Парламенті Сенатының Төрағалығына ұсынылған Қайрат Мәмидің кандидатурасын жақтап, дауыс берді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімінің Бас директоры болып тағайындалуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы қызметінен босатылды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қайрат Мәми ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалғанын айтып, оған төсбелгі мен сенатордың куәлігін табыс етті. Осы процедурадан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сенат Төрағасы қызметіне жаңадан сенатор болып тағайындалған Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды.
«Бұған дейін Қ. Мәми мен тағайындаған барлық жерлерде өз қызметін адал әрі әділ атқарды, өзінің кәсібилігін танытты. Сот корпусы алдында да, сондай-ақ құқық қорғау органдары алдында да оның беделі жоғары. Жүктелген барлық міндеттерді жоғары деңгейде атқарады. Соған орай, мен Қайрат Әбдіразақұлын Сенат жұмысын тиімді қамтамасыз етеді және осы лауазымға лайық деп есептеймін»,-деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Парламент Сенатын мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан жасырын дауыс беру арқылы Палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланған Төраға басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 3 сәуірдегі Жарлығымен Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры қызметіне тағайындалған болатын және бүгінге дейін осы қызметті атқарып келді.
Қайрат Әбдіразақұлы Мәми 1954 жылдың 9 мамырында Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірді. 1995 жылы заң ғылымдарының кандидаты болды. 2004 жылы «Қазақстан Республикасындағы Конституциялық заңдылық пен сот билігі: негізгі тенденциялар мен басымдықтар» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Профессор (2005 жыл).
Еңбек жолын тәлімгер ретінде бастап, Гурьев облыстық сотының судьясы, төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесі, Алматы қалалық сотының төрағасы, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, Жоғарғы Соттың Төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 3 сәуірдегі жарлығымен Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры қызметіне тағайындалды. 2010 жылғы 5 мамырда 1-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені берілді.