ҚР Премьер-Министрі Астанадағы локомотивтік дизельдік қозғалтқыштар шығаратын зауыттың құрылысын бастап берді

АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «GEVO» локомотивтік дизельдік қозғалтқыштарын өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатқан алаңда болып, ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысты.
None
None

Аталған зауыт 2014 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұндай келісімді «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның еншілес компаниясы «Ремлокомотив» АҚ және америкалық «General Electric Transportation» мен ресейлік «Трансмашдизель» компаниялары жасасқан.

С. Ахметов өз сөзінде ҚТЖ бүгінде әлемдік дәрежедегі машина жасау саласының ірі компанияларымен бірлесіп, еліміздегі осы саланың дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде электровоздар, локомотивтер мен Тальго жүрдек жолаушылар вагондары сапалы шығарылып келеді.

«Енді ҚТЖ «General Electric» компаниясының технологиясымен Астанада шығарылып жатқан локомотивтердің қосалқы бөлшектерін өндіре бастайды. Қозғалтқыштарды шығару аталмыш бағыт бойынша Қазақстанның тағы бір қадам алға басқанын дәлелдейді», - деп атап өтті С. Ахметов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр шетелдік серіктестерге Қазақстанның болашақта бизнес пен инвестициялық климат үшін жағымды саясатты одан әрі жалғастыра беретіндігін айтты.

«Біз келешекте шетелдік инвесторлармен әріптестік қарым-қатынастарымызды кеңейте түсуге әзірміз», - деді ол.

ҚТЖ баспасөз қызметінің берген мәліметінше, аталған зауыт жылына 8, 12, 16 цилиндрлік қозғалтқыштардың 300 данасын шығаратын болады. Олар қазақстандық «Evolution» тепловоздарына, ресейлік 2Т116 сериялы екісекциялы тепловоздарға және кемелерге қондырылады. Сонымен қатар, зауыт болашақта өз өнімдерін посткеңестік елдерге және Моңғолияға экспорттауды да жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар