20:41, 26 Сәуір 2013 | GMT +5
ҚР Премьер-Министрі Беларусь үшін шайқастарда мерт болған қазақстандық жауынгерлерге тағзым етті
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Минскіде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Беларусь Республикасына жасаған ресми сапары барысында Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға тағзым етіп, Беларусь үшін шайқастарда мерт болған қазақстандық жауынгерлер стеласына гүл шоқтарын қойды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

С.Ахметов сондай-ақ «БЕЛАЗ» ААҚ-да болып, ауыр жүк машиналарын жасау технологияларымен танысып, кен тасымалдайтын өзі түсіргіш көліктер, жол-құрылыс техникалары, тау-кен саласына арналған машиналардың жаңа үлгілерін көрді.
Зауытта болғанда кен тасымалдайтын өзі түсіргіш ауыр жүк көліктерін құрастыру мен оларға қажетті бөлшек саймандар шығару бойынша «ҚазБелАз» бірлескен Қазақстан-Беларусь кәсіпорнын дамыту перспективалары талқыланды.
Ресми сапар аясында ҚР Премьер-Министрі Брест облысына барды. С.Ахметов жергілікті агроөнеркәсіптік кешеннің кәсіпорындарында болып, «Остромечево» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.