ҚР Премьер-Министрі «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді
Отырыста «Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобы бизнесін түрлендіру мен активтерін жүзеге асырудың тәсілдері, сондай-ақ Қордың инвестициялық саясатын жүзеге асыру мәселесі қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Қордың басқарма мүшесі - қаржы директоры Нұрлан Рахметов «Самұрық-Қазына» топтарының кәсіби және кәсіби емес активтерін қайта құрылымдау бойынша жоспарланған негізгі шаралар туралы хабарлады. Оның айтуынша, Қор 599 активтің 37 пайызын жоюға, қайта құруға, мемлекеттік органдарға беруге немесе жекеменшік секторға сатуға ниетті. Көрсетілген шаралар бизнесті күшейту жағдайында Қазақстан экономикасына мемлекеттің қатысуын азайтуға мүмкіндік жасайды, сондай-ақ республиканың қор нарығын дамытуға серпін беруге ықпал етеді.
Өз кезегінде Қор еншілес компаниялары операцияларының тиімділігін арттыруға және оны дамыту үшін ұзақ мерзімді қаржы тартуға мүмкіндік алады. Одан басқа, Қор компаниялары жаңа өткізу рыноктарына, озық өндіріс технологияларына және капиталдарына білікті стратегиялық инвесторлар тарту есебінен оларды басқаруға қол жеткізеді.
Сондай-ақ директорлар кеңесі тұтастай алғанда, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы бизнесін түрлендіру бойынша жұмыстардың негізгі бағыттары мен әдістерін мақұлдады.
Бұл жұмыстар «Самұрық-Қазына» АҚ-ға стратегиялық холдинг моделіне жоспарлы әрі тиімді көшуге мүмкіндік беретін бірқатар инициативаларды жүзеге асыруды қарастырады. Ұсынылған инициативалар ішінде, атап айтқанда, Қор жұмысының және еншілес компаниялардың негізгі көрсеткіштері жүйесін жетілдіру, Қордың инвестицияларды басқару, бизнес-процестерді реинженерингтеу, еншілес компаниялар директорлар кеңесін нығайту тәсілдерін қайта қарау мәселелері бар.
Бұдан басқа, Қор компаниялары тобының инвестициялық саясатын жүзеге асырудағы жаңа әдістерін мақұлдады. Бұл бағытта негізгі өзгеріс «Самұрық-Қазына» АҚ-ға компаниялардың ұзақ мерзімді құнын көтеруге ықпал ету қырынан келгенде Қордың еншілес ұйымдары инвестициялық қызметінің ұтымдылығы мен нәтижелігін шоғырланған түрде бақылау болмақшы.