ҚР Премьер-Министрі Шанхайдағы бүкіләлемдік «ЭКСПО-2010» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты
«ЭКСПО-2010» ашылу салтанаты алдында ҚХР Төрағасының атынан қабылдау болды. Ху Цзиньтао мен оның зайыбы Лю Шанхайдың халықаралық конгресс-орталығында мәртебелі шетелдік қонақтарды қарсы алды.
Банкетті аша отырып Ху Цзиньтао, «ЭКСПО-2010»- да адами өркениеттің ең жоғарғы жетістіктері қаралатындығын айтты. «Қытай шанхайлық ЭКСПО-да өзін реформалары мен ашықтығы арқасында жедел дамып келе жатқан және 5 мың жылдық өркендеу тарихы бар мемлекет ретінде көрсетуі керек», - деді Ху Цзиньтао, «ЭКСПО-2010» - бұл Қытайға да, бүкіл әлемге де беріліп отырған мүмкіндік екенін атай келіп.
«Шанхайдағы ЭКСПО - бұл аталмыш көрменің дамып келе жатқан мемлекеттерде ұйымдастырылып отырған бірінші жағдайы, Қытай осы көпір арқылы басқа да елдердің жағымды сәттерін алып, әлемнің басқа бөлігімен қарым-қатынасын кеңейтіп және де ықпалдастығын арттырады», деп атап өтті Қытай басшысы.
Ресми салтанаттан кейін ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао бүкіләлемдік «ЭКСПО-2010» көрмесін ашық деп жариялады. Салтанатты шара жарық және нұршашу думанымен аяқталды.
Бүгін кешке Қазақстанның Премьер-Министрі Астанаға ұшып шығады.