ҚР Премьер-Министрі Ұлыбритания сыртқы істер министрінің орынбасары Саида Варсиді қабылдады

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Ұлыбритания Біріккен Королдігі мен Солтүстік Ирландия сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Саида Варсиді қабылдады.
None
None

Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында Қазақстан-британ ынтымақтастығы, оның ішінде сауда-экономикалық саладағы байланыстар бойынша ауқымды мәселелер талқыланды.

«Ұлыбритания Қазақстан үшін стратегиялық әріптес болып табылады. Біз мұнай-газ және тау-кен салаларында тығыз байланыс орнаттық, алайда елдеріміздің экономикасының басқа да басым салаларында өзара іс-қимылға әлеуеті бар», - деді Үкімет басшысы.

С.Варсидің айтуынша, мұндай саланың қатарына «жасыл» экономика бойынша өзара іс-қимыл жатады. «Біздің елдеріміз «жасыл» экономиканы дамытуға үлкен мән береді, оның зор әлеуетін есепке ала отырып, біз сіздермен «жасыл» технологияны трансферттеу төңірегінде ынтымақтасуға әзірміз», - деді С.Варси.

Тараптардың пікірінше, екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға барлық қажетті жағдай жасалған.

Соңғы жаңалықтар