ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында жүр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр жұмыс сапарын Түпқараған ауданындағы «Макдермот» ЖШС металл құрастыру зауытына арналған өндірістік алаңның құрылыс барысымен танысудан бастады.
Металл құрастыру зауыты Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жұмыс істейтін мұнай компанияларына қызмет көрсететін болады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 12 мың тонна металл бөлшектерін құрастыруға есептелген.
Келесі кезекте Әсет Исекешов Баутин кентіндегі бұрғылау ерітінділерін дайындау қондырғысының құрылысында болды. Нысан теңіздегі бұрғылау операцияларын өзіндік ерітінділермен және химиялық заттармен қамтамасыз етуге арналған.
Сондай-ақ, министр ағымдағы айда ашылуы жоспарланған «Шағын кемелерді жөндеу зауыты» жобасына оң баға берді. Жобаға бағытталған инвестицияның жалпы көлемі - 15 млн. АҚШ доллары. Кәсіпорынның жоспарлы қуаты - жылына 50-60 кеме жөндеу.
Мұнан кейін Вице-премьер «Балықшы» ЖШС теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базасының құрылысына барды. Жоба бойынша 70 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция игерілген. Нысан алдағы шілде айында іске қосылуы тиіс.