ҚР Премьер- министрінің орынбасары Серік Ахметов Ақтау қаласына жұмыс сапарымен келді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтауға сапары аясында ол өңірдегі өндіріс орындарының қызметімен танысты.
Үкімет басшысының орынбасары алдымен Маңғыстау атомэнергокомбинатындағы су тұщыту қондырғысының қызметімен танысты.
Кәсіпорында өткен жиында «Жол картасының» орындалуына қатысты облыс басшылығының есебін тыңдады.
Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың мәлімдеуінше, қиын кезеңге қарамастан бағдарлама аясында 24 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, көзделген қаражаттың 91,5 пайызы игерілген.
Бұған қоса вице-премьер елді мекендердің инженерлік жүйесін дамыту жобаларын қарап, облыстың жылыту маусымына дайындық жұмыстарына оң бағасын берді.
Сапар аясында вице- премьер Серік Ахметов «Кеппел -Қазақстан» кеме жасау зауытының теңіз жағасындағы металл құрастыру базасының жұмыс барысын қарады. Мұнан соң Ақтау халықаралық теңіз сауда портына барып, атқарылып жатқан іс-шаралармен танысты.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портының директоры Талғат Абылғазиннің айтуынша, «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта дамыту» жобасы аясында Ақтау порты аумағын қолдануға «Кеппел-Қазақстан» ЖШС қызығушылық танытып отыр. Осыған қатысты жер телімінің 70 пайызы осы мекеменің өндіріс қуатын арттыру үшін берілген.
Арнайы экономикалық аймақ қызметіне қанық болған вице -премьер сапары соңында биылғы жазда құрылысы аяқталған «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенін аралап көрді.