ҚР Президенті: Коммуналдық қызметтерге қарыздарды төмендетумен айналысу қажет

Кеңеске Президент Әкімшілігінің басшысы А.Мусин, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары С.Ахметов, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Ақмола облысының әкімі Қ.Қожамжаров, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов, Павлодар облысының әкімі Е.Арын және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С.Біләлов қатысты, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Еліміздегі жылыту маусымына дайындық мәселесі жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары С.Ахметов баяндама жасады.
- Жалпы алғанда, жағдай бақылауда. Барлық өңірлермен апта сайын селекторлық кеңес өткізіліп, онда жылыту маусымына дайындыққа қатысты барлық мәселе қарастырылады. Іс жүзінде барлық өңірде дайындық жоспар бойынша жүргізілуде. 2011 жылдың қорытындысы бойынша, жаңа жылу қуаты енгізілді, бұл 650 мегаватт электр энергиясын құрайды. Қазіргі кезде тұрғын үй қоры есебінен жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде, тұрғындар өздерінің баспаналарына жөндеу жүргізу өз қолдарында екенін түсініп келеді. Осы мақсатқа бөлінген барлық қаражат қайтарылады. Қазір әр облыста тұрғын үй қоры есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге жарты миллиард теңге бөлінген, - деді С.Ахметов.
Мемлекет басшысы коммуналдық қызметке қарызды азайту үшін жұмыс жүргізу керектігін атап өтті. Төрт өңірде мұндай қарыз 1 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде 517 миллион теңге Қостанай облысына тиесілі.
- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықпен айналысу қажет. Мысалы, бүгінде 4 өңірге 2 млрд. теңге бөлінген, Ақмола облысында тек 50 пайызы, Павлодар облысында 40 пайызы игерілсе, ал Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында бір теңге де игерілмеген. Жағдайды түзеңдер. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Сумен жабдықтайтын барлық нысанның іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. Мысалы, бүгінде сумен жабдықтаушы 74 нысан жұмыс істемей тұр. Оның ішінде, іске қосылғанының 33-і пайдаланылмаған. Бұл сала әкімдердің жауапкершілігінде, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жергілікті жердегі маңызды жобаларды іске асырудың және жергілікті бизнесті қолдау бастамасының басты құралы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) болып табылады.
- Үкіметтің талабымен ӘКК бұдан екі жыл бұрын әкімдіктердің қарауына берілген. Алайда әлі күнге дейін оларды дамытудың бірыңғай стратегиясы жоқ. ӘКК нәтижесінде барлығы жұмысбасты болып кеткен. Бұл күш пен ресурстың ыдырауына, көптеген ӘКК зиян шегуіне әкелуде. ӘКК жұмысының тиімділігін арттыруды, олар шешетін міндеттердің нақты ауқымын анықтауды тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Президент шекараға шектес аймақтағы ынтымақтастыққа және ықпалдастық одақтың әлеуетін пайдалануға ерекше назар аударды.
- Әкімдер Кеден одағының мүмкіндіктерін жеткілдікті деңгейде пайдаланбауда. Отандық бизнесті сыртқы нарыққа бағыттау қажет, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы берілген тапсырмаларды қатаң бақылау алуды және оларды іске асыруды қадағалап отыруды тапсырды.