ҚР Президенті Отан Қорғаушы күніне арналған мерекелік концертті тамашалады

Концерттік бағдарламаны толықтай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери көркемөнерпаздар ұжымы дайындады және оған тек әскери қызметкерлер қатысты.
Бейбітшілік және келісім сарайында старшина Сейітқасым Имадуллаев пен ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының эстрадалық-симфониялық оркестрі «Қазақстан» әнін, аға сержант Біржан Мұқаманов «Шапырашты Наурызбай» әнін, прапорщик Ольга Цегельник халық әні «Дей салдым-ау», «Қанатты гвардия» тобы «Десанттық бригаданың әнұранын» орындады. Сондай-ақ концерттік бағдарламада «Оңтүстік» би ансамблі, «Сакс джем» тобы мен Аэроұтқыр әскерлер жауынгерлерінің триосы өнер көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, 7 мамыр күні ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 19 жыл толады. 1992 жылдың 7 мамыры күні Елбасы сәйкес жарлыққа қол қойған.