ҚР Президенті Үкіметтің алдына Қазақстанның барлық өңірлерін астықпен қамтамасыз ету және астық жинау науқанын оңтайлы мерзімде аяқтау міндетін қойды
К.Мәсімов Президентті Үкіметтің ағымдағы жұмысы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы хабардар етті.
Премьер-Министр астық жинау науқаны іс жүзінде аяқталғанын баяндады. Он үш миллионнан астам тонна астық жиналды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігінің барлық мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы астықтың қоры 2011 жылдың 1 қазанына дейін жеткілікті болады.
- Егер келесі жылы астық түсімі аз болған жағдайда да бізде барлық облыстарды тиісті баға бойынша астықпен қамтамасыз ету үшін қажетті қорлар болады, - деп атап өтті К.Мәсімов.
Президент Үкіметтің алдына Қазақстанның барлық өңірлерін астықпен қамтамасыз ету және астық жинау науқанын оңтайлы мерзімде аяқтау міндетін қойды.
- Қалыптасқан жағдайдан қорытынды шығару маңызды. Осы ретте, қуаңшылықта осындай астық жинау мемлекеттің ауыл шаруашылығына зор көмек бергендігінің арқасында мүмкін болды. Жаңа технологияны кеңінен қолдану керек. Ауыл шаруашылығын жаңа техникамен жарақтандыру, ылғалды сақтау технологиясын қолдану біздің келешегіміздің зор екенін көрсетті, - деді Президент.
Премьер-Министр астық экспортын реттеу туралы мәлімдеді. Үкімет қазақстандық астықты өткізуге байланысты барлық мәселені дайындады.
К.Мәсімов сондай-ақ Мемлекет басшысына Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Атап өтілгендей, ағымдағы жылы бағдарлама аясында 72 ірі жоба табысты жұмыс істеуде, ал жылдың аяғына дейін тағы 72 жоба іске асатын болады.
- Барлық 72 объекті де Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілетініне сендіргім келеді,- деп атап өтті Премьер-Министр.
Кездесу барысында сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі іс-шаралар туралы, құқық қорғау органдарындағы реформалар барысы, сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік қызметтегі аппаратты қысқарту туралы сөз болды.